Электр күші
Жаңалықтар жіберіліміне жазылу
Жазылу
#299Март 2026

Электр күші

мазмұнға оралу

2026 жылдың ақпанында Халықаралық энергетикалық агенттік (ХЭА) «Электр энергиясы-2026. 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған талдау және болжам» (Electricity 2026. Analysis and Forecast to 2030) атты баяндамасын жариялады. Сарапшылардың болжамынша, электр энергиясына сұраныс бұрынғыдан да жылдам өседі. Атом энергетикалық блоктары осы сұранысты қамтамасыз ететін төмен көміртекті электр энергиясы көздерінің қатарына жатады.

ХЭА сарапшылары 2026-2030 жылдары электр энергиясына сұраныс жылына орта есеппен 3,6% қарқынымен өседі деп болжайды. Бұл көрсеткіш алдыңғы он жылдықтағы орташа деңгейден шамамен 50%-ға жоғары. Бұл үрдіс кемінде екі жыл бұрын байқала бастады. Осылайша ыстық толқындарына байланысты ауа баптауға сұраныстың артуы және өнеркәсіп тарапынан сұраныстың өсуінің арқасында 2024 жылы әлем бойынша электр энергиясын тұтыну 4,4%-ға өсті. 2025 жылы электр энергиясына жаһандық сұраныстың өсімі 3% құрады.

ХЭА сарапшылары 2024 жылдан бастап байқап отырған тағы бір үрдіс — электр энергиясына сұраныс экономикалық өсімнен жылдамырақ артуда. Бұрын бұл екі көрсеткіш корреляцияланушы еді. Сонымен қатар 2030 жылға дейін электр энергиясына сұраныс басқа энергия түрлеріне қарағанда кемінде 2,5 есе жылдам өседі деп күтілуде.

Баяндамада тіркелген үшінші маңызды үрдіс — электр энергиясына сұраныстың дамыған елдер тарапынан қайта өсе бастауы. Есепте: «2025 жылы дамыған елдердің экономикаларының үлесіне әлемдік электр энергиясына сұраныстың өсуінің шамамен 20%-ы тиесілі болды, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 17% ғана еді. Біз болжам кезеңінде өнеркәсіптік өндірістің кеңеюі және ДӨО, электрмобильдер және электр энергиясын пайдаланатын басқа да соңғы тұтынушылар санының артуының арқасында бұл үлес орта есеппен шамамен 20% деңгейінде сақталады деп есептейміз», — делінген. Атап айтқанда, АҚШ-та алдағы бес жылда электр энергиясын тұтыну жыл сайын орта есеппен шамамен 2%-ға өседі деп күтілуде. Бұл өсімнің шамамен жартысын жаңа деректерді өңдеу орталықтары қамтамасыз етеді. ХЭА сарапшылары дәл осындай өсім көрсеткіштерін Еуроодақта да күтеді. Алайда бұл көбіне нақты өсім емес, қалпына келу болады: «Электр энергиясын тұтыну 2021 жылғы деңгейге тек 2028 жылдан ерте емес уақытта қайта оралады деп күтілуде», — деп көрсетілген есепте. Аустралия, Канада, Жапония және Кореяда да 2030 жылға дейін алдыңғы онжылдықтармен салыстырғанда электр энергиясына сұраныстың жылдам өсуі күтіледі.

Соған қарамастан, электр энергиясына сұраныстың негізгі драйвері әлі де дамушы елдер болып қала береді. Осылайша Қытай 2026-2030 жылдары электр энергиясын тұтынуды қазіргі Еуроодақтағы сұраныс көлеміне шамалас деңгейге дейін арттырады деп күтілуде. Қытайдағы электр энергиясына сұраныстың орташа жылдық өсімі — 4,9%. Есепте: «Бұл қарқын 2025 жылғы деңгейге (5%) жақын, бірақ соңғы онжылдықтағы орташа 6,5% көрсеткіштен төмен» — делінген. Өсім Үндістанда және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде де күтіледі. Негізгі себептер болып экономикалық даму, ауа баптаудың қарқынды қолданылуы табылады.

2026-2030 жылдары, ХЭА болжамы бойынша, жаһандық электр энергиясына сұраныс жылына орта есеппен 3,6% қарқынмен өседі.

Төртінші маңызды үрдіс — электр желілерін дамытудың шұғыл қажеттілігін түсіну. Қазіргі кезде бұл секторға инвестициялар электр энергиясын өндіру саласына қарағанда аз, ал желілік инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуы маңызды мәселе болып табылады. Электр энергиясына өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін электр желілеріне салынатын инвестицияларды жыл сайын шамамен қазіргі 400 млрд АҚШ долларынан 50%-ға арттыру қажет. Сонымен қатар электр желілеріне байланысты жеткізу тізбектерін де айтарлықтай кеңейту қажет. Энергия жүйесінің тиімділігін арттыратын технологияларды енгізу 450-ден 700 ГВт-қа дейін өндіруші қуаттарын қолжетімді етуге көмектеседі. Атап айтқанда, есепте электр жеткізу желілерінің параметрлерін динамикалық реттеу, қуат ағындарын жетілдірілген басқару және желінің өткізу қабілетін арттыру үшін электр жеткізу желілеріндегі сымдарды ауыстыру және кернеуді арттыру көрсетілген. Есепте: «Электр желілерін дамыту және энергия жүйелерінің икемділігі мәселелері саяси күн тәртібіне жиі енгізіліп келеді, сондықтан қолданыстағы жүйелерді тиімді пайдалану желілерді кеңейту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында шамадан тыс жүктемелерді азайтуға және жаңа қуаттарды біріктіруге жеделдетуге көмектеседі» — делінген.

Энергия жүйелерінің параметрлерін жақсартудың тағы бір жолы — ірі ауқымды аккумуляторларды енгізу. Оларға деген қажеттілік әсіресе жаңартылатын электр энергиясы өндірісінің үлесі жоғары жүйелерде — Германия, Калифорния, Оңтүстік Аустралия, Техас, Ұлыбританияда байқалады. Осы аймақтарда соңғы жылдары енгізілген аккумуляторлардың көлемі айтарлықтай өсті.

Атом рөлінің артуы

Есепте: «2030 жылға қарай әлемдегі барлық электр энергиясының жартысы жаңартылатын энергия көздері мен атом энергиясының есебінен өндірілетін болады деп күтілуде» — делінеді. АЭС-терде өндіру көлемі өсуін жалғастырады. 2025 жылы Франциядағы АЭС-терде өндіру артты, Жапонияда бірнеше энергетикалық блок қайта іске қосылды. Сондай-ақ жаңа энергетикалық блоктар пайдалануға берілді, олардың ішінде Ресейдегі Курск АЭС-2-нің №1 энергетикалық блогы ба: ол 2025 жылдың 31 желтоқсанында электр желісіне қосылды. Есепте: «Атом энергетикасы көптеген дамыған елдерде қайтадан стратегиялық маңызға ие болып отыр, бұған реакторлардың пайдалану мерзімін ұзартуға және жаңа қуаттарды іске қосуға бағытталған заңнамалық қолдау шаралары ықпал етуде» — деп атап өтіледі.

2030 жылға қарай әлемдегі барлық электр энергиясының жартысы жаңартылатын энергия көздері мен атом энергиясының есебінен өндірілетін болады деп күтілуде.

«Росатом» әлем бойынша атом энергетикасының дамуына ықпал етуде. Ресейдің мемлекеттік корпорациясының шетелдік портфелінде 11 елдегі 41 жоба бар. Сонымен қатар «Росатом» өз елінде де жобаларды жүзеге асыруда: қазір Ресей аумағында үлкен және шағын қуатты 20 энергтикалық блок іске асыру сатысында.

ХЭА сарапшыларының бағалауы бойынша, жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) негізіндегі электр станцияларының электр энергиясын өндіру көлемі алдағы бес жылда жылына орта есеппен 8% өседі. Жыл сайынғы өсімнің ең үлкен көлемін (600 ТВт·сағ астам) күн электр станциялары қамтамасыз етеді.

Көмірмен жұмыс істейтін энергетикалық блоктардағы электр энергиясын өндіру динамикасы әр елде әртүрлі. Мысалы, Үндістанда және Қытайда көмір генерациясы электр энергиясына сұраныс өсімінің баяулауына және ЖЭК негізіндегі генерацияның қарқынды дамуына байланысты қысқарды. Ал АҚШ-та керісінше, табиғи газ бағасының өсуі, көмір электр станцияларын бастапқы жоспарланғаннан баяу пайдаланудан шығаруы себебінен 2025 жылы көмір тұтыну артты. Нәтижесінде электрэнергетикалық сектор көмір тұтынуды арттырды. Еуроодақта күн электр станцияларындағы рекордтық өндіріс су және жел электр станцияларындағы өндірістің қысқаруымен қатар жүрді, сондықтан көмір тұтыну айтарлықтай азаймады.

ХЭА сарапшыларының пікірінше, алдағы бес жылда Қытайдағы көмір электр станцияларындағы өндіріс төмендейді. Көмір негізіндегі өндірістің төмендеуі Еуропада және екі Америкада да байқалады. Үндістан және Оңтүстік-Шығыс Азияда, керісінше, бұл көрсеткіш өседі.

Әлемде газ электр станцияларындағы электр энергиясын өндіру 2030 жылға дейін жылына орта есеппен 2,6% өседі деп күтілуде. Салыстыру үшін: бұған дейінгі бес жыл ішінде орташа жылдық өсім шамамен 1,4% құраған. ХЭА сарапшылары газ негізіндегі электр генерациясына сұраныстың өсуін АҚШ-та электр энергиясына жалпы сұраныстың артуымен және Таяу Шығыста мұнайдан газға көшуімен байланыстырды.

Есеп авторлары: «2026 жылдан 2030 жылға дейінгі кезеңде жаңартылатын энергия көздері, табиғи газ және атом энергетикасы бірлесіп, әлемдік электр энергиясына қосымша сұраныстың толық көлемін қамтамасыз етеді деп болжануда» — деп қорытындылайды.

Ресейде

Есеп авторлары 2025 жылға қатысты Ресей бойынша деректерді алу қиындықтарына сілтеме жасайды. Бұл олқылықты толықтырып, деректерді осында келтіреміз. Росстат мәліметтері бойынша, 2025 жылы Ресейде электр энергиясын өндіру көлемі 1194 млрд кВт·сағ құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,5%-ға төмен. Импорт — 2,3 млрд кВт·сағ, экспорт — 7,44 млрд кВт·сағ. Атом электр станциялары өндірген электр энергиясының көлемі 2025 жылы 219 млрд кВт·сағ болды, ұл 2024 жылмен салыстырғанда 1,3%-ға жоғары.

2026 жылдың қаңтарында, Росстат мәліметтері бойынша, Ресейдің энергия жүйесі қайтадан өсе бастады. Осылайша қаңтардағы электр энергиясын өндіру — 119 млрд кВт·сағ құрады, бұл бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 4,4%-ға жоғары, және 2025 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 2,9%-ға жоғары. Атом электр станциялары өндірген электр энергиясының көлемі 20,6 млрд кВт·сағ құрады, бұл бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 9,4%-ға жоғары, және 2025 жылғы желтоқсаннан 4%-ға жоғары.

«Росатомның» шетелдік портфелінде 11 елдегі 41 жоба бар.

2026 жылдың қаңтарында Ресейдің энергетика министрі Сергей Цивилев кеңес өткізді, онда негізгі тақырыптардың бірі сұраныстың болжамды өсуін және энергетикалық инфрақұрылымды озық дамыту қажеттілігін ескере отырып, елдегі электр энергетикасын дамыту бағдарламаларын жүзеге асыру болды. «Жақын арада барлық бағдарламаларымыз бен стратегияларымызды қайта қарап, қажетті өзгерістер енгіземіз» — деді Сергей Цивилев, бұл, соның ішінде, деректерді өңдеу орталықтарын энергиямен қамтамасыз ету мәселелеріне де қатысты.

Осылайша, Ресей электр энергетикасындағы тұтынудың өсуі, соның ішінде деректерді өңдеу орталықтары санының артуы есебінен, және атомдық генерацияның артуы сияқты негізгі әлемдік энергетикалық трендтердің аясында дамып келеді.