Қауіпсіз бұрынғы кеніштер
мазмұнға оралуАҚХА Орталық Азия елдеріндегі — Қырғызстанда, Тәжікстанда және Өзбекстанда — уран мұрасына жататын нысандарды экологиялық тұрғыдан қалпына келтіру жөніндегі Стратегиялық бас жоспардың үшінші редакциясын жариялады. Бұл — анықтамалық сипаттағы құжат, онда осы нысандарды қауіпсіз күйге келтіру бойынша түрлі ұйымдардың қызметі сипатталған. «Росатом» — осы жұмыстың негізгі қатысушыларының бірі.
Қалпына келтіру бағдарламаларына деген қажеттілік 1990-жылдары Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін туындады, себебі Орталық Азияда құрылған жаңа мемлекеттер бұрынғы уран кеніштерінің аумақтарын өз күшімен рекультивациялай алмады. Уран кен орындары сарқылып, өндіріс тоқтағаннан кейін, барлық алаңдар қауіпсіз жағдайға келтірілмеген еді. Бағдарлама Орталық Азия елдеріне аталған аумақтарды рекультивациялауға жәрдемдесуге бағытталған. Ол жергілікті халықтың денсаулығына және қоршаған ортаға төнетін қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Стратегиялық бас жоспардың мақсаттары
Стратегиялық бас жоспар Орталық Азиядағы мұра нысандарын қалпына келтіру үшін жүйелі, үйлестірілген және түсінікті қағидаттар жүйесін (framework) қалыптастыруға бағытталған. Ол мұра нысандары мен рекультивацияланған аумақтарды ұзақ мерзімді және тұрақты басқару жөніндегі ұлттық стратегиялар мен бағдарламаларды қолдайды. Бас жоспар «салауатты өмір салты және әл-ауқат» (ТДМ №3), «таза су және санитария» (ТДМ №6), «тұрақты қалалар мен елді мекендер» (ТДМ №11), «құрлық экожүйелерін сақтау» (ТДМ №15), «бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» (ТДМ №16) секілді тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етеді.
Құжат 2025-2030 жылдар кезеңіне есептелген.
ТМД елдерінің ынтымақтастығы
Жұмыстың бір бағыты — Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) мүше елдер қаржыландыратын мұра нысандарын рекультивациялау. Осы мақсатта Қырғызстан мен Тәжікстандағы бұрынғы уран өндіру кәсіпорындарын қалпына келтіру жөніндегі Мемлекетаралық мақсатты бағдарлама (ММБ) қабылданды. Дәл осы елдердің аумағында КСРО-да алғаш рет уран өндіру басталған. Бағдарламаны Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық кеңесі 2012 жылы бекітті, оны іске асыру 2013 жылы басталды. Оның мақсаттары — радиациялық қоршаған ортаға әсерінен туындайтын төтенше жағдайлар қаупін азайту және жергілікті тұрғындардың қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз ету. Қырғызстандағы Мин-Куш және Каджи-Сай кенттері және Тәжікстандағы Истиклол (2012 жылға дейін — Табошар) қаласы маңындағы ең қауіпті қалдыққоймалар бағдарлама нысандары танылды.
ММБ 2025 жылға дейін әрекет етті. Мамандар жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізді, ең тиімді техникалық шешімдерді таңдады, қажетті жобалық құжаттаманы әзірледі, жобаларды келісіп,бекітті. Содан кейін жоспарланған барлық жұмыстарды орындады, сонымен қатар экологиялық мониторинг жүйелерін жетілдірді және жергілікті мамандарды қалпына келтіру жобалары мен бағдарламаларын басқаруға үйретті.
«Росатом» — ММБ-ның белсенді қатысушысы. 2019 жылы Қырғызстанда мемлекеттік корпорация Каджи-Сай кенті маңындағы қалдыққойманы консервациялауды аяқтады. 2023 жылы — «Как» қалдыққоймасын қайта қалпына келтіру және «Талды-Бұлақ» қалдыққоймасын толық жою (екеуі де Мин-Куш кенті маңында) жүзеге асырылды. 2025 жылғы тамызда Мин-Куш елді мекенінде «Туюк-Суу» қалдыққоймасын жою және «Дальнее» қалдыққоймасын қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталды.
Тәжікстанда Росатом Табошар кенішінің (Соғды облысы) өндірістік алаңында кедей уран кендерін өңдейтін фабриканың қалдық үйіндісін және төрт қалдыққоймасын рекультивациялады. Жұмыстар 2023 жылы белгіленген мерзімнен бұрын аяқталды. Кеніш аумағындағы және оған іргелес жерлердегі радиация фоны қауіпсіз деңгейге дейін төмендеді.
ММБ аясындағы қаржыландыруды бағдарламаға қатысушы ТМД-ға мүше мемлекеттер қамтамасыз етті. Ресейдің үлесіне — 75%, Қазақстанның — 15%, Қырғызстанның — 5%, Тәжікстанның — 5% тиді. Стратегиялық бас жоспар мәтінінде көрсетілгендей, ММБ аясындағы инвестициялардың жалпы көлемі 32,2 млн еуроны құрады.
Қазіргі уақытта ТМД-ға мүше мемлекеттердің пайдаланылған ядролық отынды, радиоактивті қалдықтарды басқару және ядролық әрі радиациялық қауіпті объектілерді пайдаланудан шығару мәселелері бойынша базалық ұйымы (ТВЭЛ компаниясына жүктелген) ядролық мұра объектілерін қауіпсіз күйге келтіру жөніндегі ТМД елдерінің жаңа үлгілік тұжырымдамалық жобасын әзірлеуде. Жоспар бойынша бұл тұжырымдама 2026 жылы ТМД Парламентаралық ассамблеясы тарапынан бекітіледі. Құжатта ядролық мұра объектілерінің қазіргі жай-күйінің сипаттамасы, ядролық мұра объектілерін қауіпсіз жағдайға келтіру жөніндегі ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары және олардың тізілімі көрсетілетін болады.
Ресеймен екіжақты келісімдер
ММБ 2025 жылы аяқталуына байланысты, жаңа, екіжақты бағдарламаларды дайындау жұмыстары алдын ала басталды. 2024 жылы Ресей мен Қырғызстан уран өндіру және тау-кен өндірістерінің әсеріне ұшыраған аумақтарды қалпына келтіру саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге қол қойды.
Осы келісім шеңберінде Ресей тарабы Каджи-Сай кентіндегі (Ыстықкөл облысы) шахталар мен күл үйінділерін, Тоо-Моюн кентіндегі (Ош облысы) бос жыныс үйінділері мен шахталарды және Қызыл-Жар кентіндегі (Жалал-Абад облысы) тау-кен үйінділері мен шахталарды қайта қалпына келтіреді.
Тоо-Моюн мен Қызыл-Жардағы объектілерді рекультивациялау 2025 жылдың соңында аяқталды. Каджи-Сайдағы нысанда дайындық жұмыстары жүргізілуде. Оны рекультивациялау 2026 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.
Осындай мазмұндағы екіжақты келісімді Ресей Тәжікстанмен де жасасты. 2025 жылы тараптар Тәжікстан аумағында уран өндіру және тау-кен өндірістерінің әсеріне ұшыраған жерлерді қалпына келтіру саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге қол қойды. «Адрасман» қалдыққоймасын (Соғды облысы) және Табошар кенішінің № 3 цехының үйінділерін қайта қалпына келтіру жоспарланған. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

Қалпына келтіру жұмыстарына Қырғызстандағы объектілер үшін — 21,4 млн еуро; Тәжікстандағы объектілер үшін — 15,6 млн еуро бөлінді.
Еуропалық Одақтың қызметі
Стратегиялық бас жоспарда сипатталған уран мұрасы нысандарын қайта қалпына келтіру бағыттарының тағы бірі — Еуропалық Одақтың қызметі. Орталық Азия елдерінде Ядролық қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың еуропалық құралы (INSC) қолданылады. INSC қолдауының арқасында жеті басым нысан үшін қоршаған ортаға әсерді бағалау және техникалық-экономикалық негіздемелер әзірленді. Еуропалық Одақ жұмыстарды Еуропалық қайта құру және даму банкіндегі Орталық Азияға арналған экологиялық рекультивация шоты арқылы қаржыландырады. Оның уран мұрасы нысандарының жеті басым объектісін рекультивациялауға ресми мандаты бар. Олар: Қырғызстанда — Майлуу-Суу, Мин-Куш, Шекафтар, Тәжікстанда — Истиклол, Дегмай және Өзбекстанда – Чаркесар мен Янгиабад. 2017-2025 жылдар аралығында Мин-Куш, Шекафтар, Чаркесар мен Янгиабад нысандары рекультивацияланды. Майлуу-Сууда рекультивация жалғасуда, Истиклолда рекультивация ішінара орындалған, Дегмайда жұмыстар әлі басталмаған.
Стратегиялық бас жоспарда көрсетілгендей, 2015 жылы ЕО-тың қолдауымен осы жеті нысан үшін қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) және техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) аяқталып, іске асыруға арналған жобалар портфелі қалыптастырылды. ҚОӘБ пен ТЭН дайындаудың құны — 8 млн еуро. Бағдарлама аясындағы қайта қалпына келтірудің жалпы сметалық құны — 113 млн еуро деп бағаланды. 2025 жылға дейін 71,8 млн еуро тартылды. Оның ішінде Еуропалық комиссия 61,5 млн еуро, басқа донорлар 9 млн еуро бөлді. Нәтижесінде 43 млн еуро көлемінде қаржылық тапшылық қалыптасты. Есепте: «Addressing this gap is critical for the sustainability of the region-wide remediation (Осы қаржылық алшақтықты жою өңірлік қалпына келтіру іс-шараларының ұзақ мерзімді тиімділігін қамтамасыз ету үшін шешуші маңызға ие)», — деп атап өтілген.
Қалпына келтіруден кейінгі кезең
АҚХА сарапшылары мұра нысандарын рекультивациялау жұмыстарының аяқталуында тұрақты ілгерілеу бар екенін, рекультивациядан кейінгі басқару жүйесін құруға барған сайын көбірек көңіл бөлініп жатқанын атап өтеді. Стратегиялық бас жоспар авторларының пікірінше, мұндай жүйе жауапкершілікті нақты бөлу және рекультивацияланған аумақтарды ұзақ мерзімді институционалдық басқаруға көшу үшін ерекше маңызға ие. АҚХА құжатында көрсетілгендей, бұл үшін қосымша қаржы мен дайындықтан өткен қызметкерлер қажет.

