ИТЭР-де сынақтар дайындалуда
Жаңалықтар жіберіліміне жазылу
Жазылу
#296Желтоқсан 2025

ИТЭР-де сынақтар дайындалуда

мазмұнға оралу

Салынып жатқан Халықаралық термоядролық эксперименттік реактор (ИТЭР) алаңына 17 қарашада Ресейден төрт сынақ стендінің алғашқысы әкелінді. Оларда нақты жағдайларға барынша жақын жағдайларда диагностикалық кешендер мен техникалық жүйелерді орналастыруға арналған құрылғылар — портплагтар сыналады. 

Сынақ стенді вакуумдық жүйесі, жылыту, басқару және бақылау жүйелері бар салмағы шамамен 30 тонна және көлемі 40 текше метр болат вакуумдық камера болып табылады. Ресей тарапы 2011 жылы қол қойылған келісімге сәйкес барлығы осындай төрт стенд дайындайды және жеткізеді. Дайындаушы кәсіпорын – «Машина жасау және аспап жасау компанияларының тобы» (МАКТ). МАКТ термоядролық синтезге арналған жабдықтарды, криогендік кешендерді және термовакуумдық сынақ қондырғыларын шығарады, құрылғыларға күрделі сынақтар жүргізеді.

«Осы сынақ стенді – жоба бойынша біздің жауапкершілік саласындағы ең күрделі және ғылымды қажет ететін жүйелердің бірі. Оны әзірлеу және жасау үшін біздің негізгі жеткізушілеріміз озық инновациялық шешімдерді жасауға және енгізуге мәжбүр болды. Ресейге барлық қондырғыларды жасау тапсырылды, бұл біздің тәжірибеміз бен технологиялық көшбасшылығымыздың нәтижесі», – деді стендтердің әкелінуіне орай салтанатты рәсімде «ИТЭР жобалау орталығының» (Росатом құрамына кіреді) директоры Анатолий Красильников.

Сынақтар қажет

Стенд камераларында жобаның серіктес елдері шығаратын барлық 46 портплаг тексеріледі. Ішінде вакуумдық, жылу және функционалдық сынақтарды жүргізу үшін терең вакуум және жоғары температура жасалады. Сонымен, температураның 20-дан 240 °C-қа дейін құбылуымен қатар үш сынақ циклі қарастырылған. Әр кезеңде жүйенің тығыздығын растау үшін гелийдің жылыстауына тест жүргізіледі.

Ресейлік мамандар ИТЭР алаңындағы стендті іске қосуға қатысады. «Біз барлық ішкі жүйелермен стенд құрастыруды және кешенді интегралды сынақтарды қадағалауға жауаптымыз» – деді «Страна Росатом» газетіне МАКТ ИТЭР жобалау кеңсесінің директоры Олеся Соловьева. МАКТ биылғы жылы екінші стенд өндірісін бастады. Ол 2026 жылдың күзіне дейін аяқталады деп күтілуде. Содан кейін зауыттық сынақтар жүргізіліп, қыстың басында Францияға жөнелтіледі. Үшінші және төртінші стендтер 2029 жылдың соңына дейін жеткізіледі — Халықаралық ИТЭР ұйымы осындай міндет қойды.

Ресей үлесі

ИТЭР бас директорының құрылыс жөніндегі орынбасары Серджио Орланди Ресей тарапының қосқан үлесін жоғары бағалады: «Ққондырғыны жабдықтау жобасының жетекшісі ретінде мен ресейлік ИТЭР агенттігінің порт-плагтарды сынауға арналған алғашқы стендінің жеткізілгеніне өте қуаныштымын. Бұл кешен Ресей Федерациясының өнеркәсіптік мүмкіндіктерінің жоғары деңгейінің жарқын мысалы болып табылады, ол жобаны уақытында, қажетті сапамен және бюджет шеңберінде аяқтауды қамтамасыз етті. Стендті жобалаудың, сатып алудың және құрастырудың барлық кезеңдерінде білікті қадағалауды жүзеге асырған Ресей Федерациясының мамандарына ерекше алғыс білдіргім келеді».

Бұған дейін ресейлік атом кәсіпорындары ИТЭР құрылысының алаңына асқын өткізгіштерді, полоидты өріс катушкасын және төрт гиротронды кешенді орналастырған. Басқа компоненттердің өндірісі жалғасуда. Бірегей ресейлік жабдықты жеткізу реактор құрылысының кестесіне сәйкес уақытында жүзеге асырылады. Ресейлік институттар мен кәсіпорындарға болашақ ИТЭР термоядролық қондырғысының 25 жоғары технологиялық жүйесін жасау және жеткізу тапсырылды.

ИТЭР — әлемдегі алғашқы жаңа буынды халықаралық термоядролық эксперименттік реактордың жобасы. Құрылыс алаңы Марсель (Франция) маңында орналасқан. Жобаның міндеті – термоядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдаланудың ғылыми-технологиялық орындылығын көрсету және онымен байланысты процестерді пысықтау. Термоядролық синтезді практикалық игеру адамдарды мыңдаған жылдар бойы энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ресей ЕО, Қытай, Үндістан, Жапония, Оңтүстік Корея және АҚШ-пен бірге ИТЭР жобасына қатысушылардың қатарына кіреді. Ресейдің жобаға қосқан табиғи үлесін қамтамасыз етуге жауапты Ресейдің ұлттық ИТЭР агенттігінің функцияларын «ИТЭР Жобалау орталығы» (Росатомның жеке мекемесі) орындайды.