Нысанаға дәлтигізу
Жаңалықтар жіберіліміне жазылу
Жазылу
#297Январь 2026

Нысанаға дәлтигізу

мазмұнға оралу

«Росатом» — медициналық изотоптарды жеткізу саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Олар ауыр ауруларды диагностикалау мен емдеуге мүмкіндік беретін радиофармацевтикалық препараттардың негізі болып табылады. Ресейлік мемлекеттік корпорация ядролық медицинаның басқа да бағыттарын белсенді түрде дамытып, осы саладағы халықаралық ынтымақтастыққа жәрдемдесіп келеді.

Ядролық медицина әртүрлі диагностикалық та, емдік те бағыттарды қамтиды. Олардың қатарына, мысалы, позитронды-эмиссиялық томография (ПЭТ) және бірфотонды эмиссиялық компьютерлік томография (БФЭКТ) жатады. ПЭТ кезінде пациентке позитрондар шығаратын радиофармацевтикалық препарат енгізіліп, одан тарайтын гамма-сәулелену тіркеледі. Бұл тіндердегі метаболизм процесстерінің қарқындылығын бағалауға мүмкіндік береді. Ал БФЭКТ — фотондар шығаратын радиофармацевтикалық препараттарды қолдануға негізделген визуализация әдісі. Мұндай диагностика тіндер мен ағзалардағы функционалдық өзгерістерді көрсетеді.

Осындай зерттеулерді жүргізудің заманауи тәсілдерін Ресей, Жапония, Үндістан, Бразилия, Сауд Арабиясы, АҚШ және халықаралық ұйымдардың өкілдері желтоқсан айында өткен IV «Ядролық медицина — 2025» конгресінде талқылады. Мамандар жабдықтардың жұмысындағы техникалық ерекшеліктер, нәтижелерді интерпретациялау әдістемелері, кескіндердің сапасын бақылау мәселелері бойынша баяндамалар жасады.

Тағы бір маңызды тақырып — жаңа радионуклидтерді пайдалану, қолданылатын радиоактивтілік мөлшерлемелерін дербестендіру, емдеу барысында жанама әсерлердің алдын алу болды. Сондай-ақ аралас терапия әдістеріне, әртүрлі бейіндегі мамандардың өзара іс-әрекетіне және мамандарды оқытуға назар аударылды.

Конгресс президенті әрі ФМБМ «Н.Н. Блохин атындағы Ұлттық онкологиялық медициналық зерттеу орталығының» клиникалық және эксперименттік радиология ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Борис Долгушин борнейтрондық ұстау терапиясының ерекшеліктері туралы айтып өтті. Бұл — қатерлі ісіктерді емдеудің бір әдісі, онда ағзаға құрамында бор-10 бар препарат енгізіледі. Ол қатерлі ісік жасушаларында жиналып, кейін ісік нейтрондар ағынымен сәулелендіріледі, ал нейтрондар бор ядролары арқылы жұтылады. Нәтижесінде қатерлі ісік жасушасының ішінде жергілікті ядролық реакция жүріп, ол жойылады, ал сау тіндер зақымданбайды.

Орталық осы ұйым үшін жаңа болып табылатын технологияны енгізуге дайындалып жатыр, оны әзірлеуге «Росатом» қатысуда.

Конференцияның негізгі өзекті тақырыбы Ресейде әрбір пациенттің генетикалық және өзге де ерекшеліктерін ескере отырып, жеке емдеу схемасын таңдауға бағытталған дербестендірілген медицинаға көшу болды.

Қараша айында «Росатом» Алжирде ядролық медицина бойынша семинар өткізді. Алжирдің энергетика және жаңартылатын энергия көздері министрі Мурад Аджал ел президентінің тапсырмасы бойынша Алжир үкіметі қатерлі ісікпен күреске және ядролық медицинаны дамытуға айрықша көңіл бөліп отырғанын атап өтті. «Росатом» мамандары медициналық изотоптарды, радиофармацевтикалық дәрілік препараттарды (РФДП) жеткізу, протездеу саласындағы шешімдер, соның ішінде аддитивтік технологияларды қолдану, диагностикалық және терапиялық жабдықтарды әзірлеу мен шығару, медициналық инфрақұрылым нысандарын және медициналық әрі азық-түлік өнімдерін өңдеуге арналған көпфункционалды орталықтарды салу, сондай-ақ кірмелік медициналық туризм қызметтері секілді мемлекеттік корпорацияның өмір сүру ұзақтығын арттыру және оның сапасын жақсарту саласындағы мүмкіндіктерін таныстырды.

«Бұл шешімдер мұнда да қолжетімді болуы үшін алжирлік серіктестерімізбен ынтымақтастықты дамытуға дайынбыз», — деді «Росатом — Таяу Шығыс және Солтүстік Африка» компаниясының бас директорының орынбасары Игорь Паламарчук.

Жалпы алғанда, «Росатом» радиофармацевтикалық препараттарды, медициналық бұйымдарды жасауға, сондай-ақ көпорталықты клиникалық зерттеулерді даярлауға бағытталған халықаралық ғылыми-сараптамалық кооперацияны қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі.

Радиофармацевтикалық препараттар

«Росатомның» ядролық медицина саласындағы қызметі толық циклді қамтиды: медициналық радионуклидтерді өндіруден бастап, тиімділігі дәлелденген, сондай-ақ ең жаңа әрі перспективалы радиофармацевтикалық шешімдерді халықаралық нарықтарға енгізуге дейін. Басым бағыттардың бірі — медициналық изотоптар мен радионуклидтік өнімдерді өндіру және экспорттау.

«Росатом» актиний-225 негізіндегі радиоактивті препаратты дайындау технологиясына патент алды. Бұл изотоп — альфа-эмиттер, ол онкологиялық ауруларды емдеу үшін ең перспективалық изотоптардың бірі болып саналады. Әлемде актиний-225 өндіретін бар-жоғы төрт өндіруші бар, олардың бірі — «Росатом».

Ресейде «Росатом» өндірген радий-223 изотобы негізінде жасалған «Ракурс (223Ra)» радиофармацевтикалық препараты тіркелген. Ол қуықасты безі қатерлі ісігі бар пациенттерге радионуклидтік терапияда қолданылады және ісіктердің басқа орналасуы кезінде сүйекке метастаздық тарауды емдеуде зор әлеуетке ие.

«Росатом» шығаратын лютеций-177 изотобы негізінде Ресейде нейроэндокриндік ісіктерді емдеуге арналған препарат қолданылды. Препарат құрамындағы октреотид заты ісік бетінде орналасқан рецепторлармен әрекеттеседі, ал лютеций-177 ісікті зақымдайтын энергия шығарады. Осындай үйлесімнің арқасында лютеций-177 ағзаға түскенде, қоршаған сау тіндерге шамалы әсер ете отырып, ісік жасушаларын жояды.

Ядролық медицина саласындағы «Росатомның» өнімдері мен шешімдері Еуропа, Азия, Латын Америкасы және Таяу Шығыс елдеріне жеткізіледі. Олар жыл сайын 2,5 миллионнан астам пациентті диагностикалау мен емдеуде қолданылады. Халықаралық нарықтағы «Росатомның» бәсекелік артықшылығы — өнім түрлерінің кең тізімдемесі: медициналық радионуклидтер генераторлары, дайын РФП және онкология, кардиология, нефрология мен эндокринологияда қолдануға арналған диагностикалық жиынтықтар, сондай-ақ радиоиммундық талдауға арналған өнімдер мен ғылыми және қолданбалы зерттеулерде пайдаланылатын таңбаланған қосылыстар. Осы негізде «Росатом» шетелдік серіктестеріне халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған кешенді ұсыныстар қалыптастырады.