Өнеркәсіптік ауқымдағы жинақтағыштар
мазмұнға оралу2025 жылдың соңында «Росатом» Ресейде литий-ионды аккумуляторлық батареяларды ірі көлемде өндіретін елдегі алғашқы зауытты іске қосты. Жаңа кәсіпорынның арқасында мемлекеттік корпорация Ресейде де, шетелде де электр көлігін дамыту мүмкіндіктерін едәуір кеңейтті.
Желтоқсан айында Калининград облысында іске қосылған гигафабрика — толық өндірістік циклге ие кәсіпорын. Мұнда электродтық массалар (пасталар) өндіріледі, оларды жұқалтырға жағу арқылы электродтық таспалар жасалады, кейін бұл таспалар кесіледі және белгілі бір пішіндегі электродтар шабылады, электродтар орналастырылады және электролиттер пауч-типті (ағылш. pouch — «қалта», «қап») полимерлі ұяшықтарға жұқа плиткалар түрінде құйылады, содан кейін олардан модульдер жинақталады. Соңғы кезең — литий-ионды батареяларды жинау және оларды термостаттау, бақылау және басқару жүйелерімен жабдықтау. Зауыттағы процестердің шамамен 90%-ы автоматтандырылған, бұл секундына бір ұяшық шығаруға мүмкіндік береді.

Құрылу тарихы
Гигафабрикаға арналған алаңды таңдау барысында «Росатом» мамандары 30 нұсқаны қарастырды. Калининградтағысы бизнесті жүргізуге арналған жеңілдікті жағдайлардың арқасында ең тартымды нұсқа болып шықты. Құрылыс туралы келісімге 2021 жылдың қыркүйегінде қол қойылды, құрылыс жұмыстары 2022 жылдың қазан айында басталды, инженерлік желілерді монтаждау 2025 жылдың жазында, ал өндірістік желілерді монтаждау — күзде жүзеге асырылды.
Әзірге кәсіпорын тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалану режимінде жұмыс істеп жатыр. Бұл кезеңде технологиялық жүйелер мен өндірістік желілер ретке келтіріледі. Гигафабриканы 2026 жылда өнеркәсіптік пайдалануға беру жоспарланған.
Осындай екінші гигафабриканы «Росатом» Мәскеуде салып жатыр.
Өзіміз үшін…
«Калининградтағы гигафабриканың іске қосылуы — Ресей үшін өнеркәсіптік серпіліс және ұлттық технологиялық егемендіктің іргетасын нығайтуға қосылған орасан зор үлес. Энергия жинақтағыштар – «Росатомның» жаңа ядролық емес бизнес бағыттары портфеліндегі өтпелі технологиялардың бірі, ол толық өндірістік тізбектер мен өнімдік экожүйелерді қалыптастыруға мүмкіндік береді», — деді ашылу салтанатында «Росатомның» бас директоры Алексей Лихачев. — «Бұл табиғи шикізатты өндіруден бастап пайдаланылған батареяларды кәдеге жаратуға дейінгі литий өнімдерін өндіру тізбегі де, сондай-ақ «Электромобильдік» атты жаңа бизнес бағыты аясындағы өнеркәсіптік қауымдасу да».
Ресейдегі жинақтағыштардың алғашқы ірі өндірушісінің пайда болуы импортқа тәуелділікке байланысты тәуекелдердің болмауы есебінен отандық электромобильдер өндірісінің тұрақтылығын арттырады. Сонымен қатар, өзіндік өндірісте технологияларды жетілдіруге және инновацияларды енгізуге мүмкіндік туады. Мысалы, ресейлік ғалымдар мен инженерлер әзірлеген жаңа катодтық және анодтық материалдар мен электролиттерді сынақтан өткізуге жол ашылады.

…және шетелдік серіктестер үшін
Гигафабриканың іске қосылуы «Росатомның» шетелдік серіктестермен кооперация жасау мүмкіндіктерін де кеңейтеді. Жинақтағыштар сегментінде ең тығыз әріптестік Беларусьпен қалыптасып отыр. Атап айтқанда, 2025 жылдың қыркүйегінде өткен Әлемдік атом апталығында «Росатом» Беларусьтің жерүсті қалалық электркөлігін өндіруші BKM Holding (компания «Белкоммунмаш» атауымен де белгілі) компаниясымен тартқыш аккумуляторлық батареялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жол картасына қол қойды. Жол картасында BKM Holding өндірісіндегі электробустарға арналған «Росатомның» литий-ионды батареяларын жеткізу жоспарлары қарастырылған. Сондай-ақ құжатта Беларусь аумағында тартқыш батареяларды құрастыратын өндірісті ұйымдастыру көзделген.
Жол картасы — серіктестер ынтымақтастығының жалғасы. 2022 жылы «Росатом» BKM Holding өндірген 97 троллейбусқа арналған литий-ионды батареяларды жеткізген болатын, бүгінде олар Санкт-Петербург қаласында жолаушылар тасымалдауда.
Жылына 4 ГВт·сағ
гигафабриканың өндірістік қуаты (электромобильдерге арналған 50 мың тартқыш батарея өндіруге тең)
Жүйелі тәсіл
«Росатом» Ресейде электромобильділікті дәйекті әрі жүйелі түрде дамытуда. Мемлекеттік корпорация электрқуаттау станцияларын (ЭҚС) шығарады және ЭҚС желісінің операторы болып табылады. Бұл желі жасыл сертификаттармен қамтамасыз етілген, яғни Ресей АЭС-да өндірілген көміртексіз электр энергиясын жеткізетіндігін атап өту керек. «Росатомның» ЭҚС желісін пайдаланушылар электромобильдерін қуаттайтын электр энергиясының «генератордан бастап қуаттау пистолетіне дейін» көміртексіз екеніне сенімді бола алады. Сонымен қатар «Росатом» Липецк облысында электрқозғалтқыштан, редуктордан және инвертордан тұратын тартқыш электржетектерін шығаратын кәсіпорын салу жобасын жүзеге асыруда. Ақыр соңында, «Росатом» аккумуляторлық химия саласындағы ғылыми зерттеулерге және жаңа батареялық технологияларды жасауға қолдау көрсетеді.

